Сұрақ-жауап

  • Сұрақ №: 14416
    Дата: 18.02.2015 13:49:48
    Аты-жөні: Кенжеахмет Жасұлан
    Сұрақ:
    2014 жылы күзде Қостанай қаласының компнаиясы Арқалық қаласы 82 үйге жылу есептегіш қондырғысын орнатты. Жылу маусымында біздің үйдің 1м2-на төлейтін ақшамыз бұрынғы кезден асып түсті. Мен Арқалық-Іскер компаниясынан есептегіш құралдың 1 айлық көрсеткішін алып есептегенімде анықтағаным,бізге орнатқан счетчик кірген ыстық судың температурасын есептейді екен де, ал қайтып шығардағы температураны есесптеп шығыстамайды екен, сонда біз жылуға 2 есе жақын мөлшерде төлеп келе жатырмыз.Бұл туралы кондаминиум атқарушы органы Арқалық-Іскер басшылығы мен қала әкіміне шағым түсіріп едім жауапсыз қалды. Сізден сұрайтыным осы есептегіш құралдың заңды түрде есеп жүргізуіне тексеру-сараптама тағайындап, 2014 жылдан бергі төлемдерді қайта есептетіп, артық төленген төлемдерді біздің жылу компаниясына төлеген есеп-счеттарымызға түсіртіп беруіңізді сұраймын
    Жауап күні:
    2015-02-21
    Жауап:
    Құрметті, Жасұлан Сейітұлы Кенжеахмет! Арқалық қаласы прокуратурасымен, Сіздің «Арқалық – Іскер» ЖШС – ның лауазымды тұлғаларына қатысты жазған арызыңыз қаралды. Арызыңыз бойынша, Сіз үйдің жылуына екі есе төлеп жүрсіз, осыған байланысты артық төленген төлемдерді өзіңіздің есеп-шотыңызға түсіртіп беруіңізді сұрайсыз. Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексінің 9 б. 1 т. сәйкес азаматтық құқықтарды қорғауды сот арқылы жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасы Азаматтық іс-жүргізу Кодексінің 8 б. 1 т. (әрі қарай – ҚР АІЖК) сәйкес әрбір адам бұзылған немесе даулы конституциялық құқықтарын, бостандықтарын немесе заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау үшін осы Кодексте белгіленген тәртіппен сотқа жүгінуге құқығы бар. ҚР АІЖК 24 б. 2 т. сәйкес, азаматтық (корпоративтік дауларды қоса алғанда), отбасылық, еңбек, тұрғын үй, әкімшілік, қаржы, шаруашылық, жер құқықтық қатынастарынан, табиғи ресурстарды пайдалану және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі қатынастардан және басқа да құқықтық қатынастардан туындайтын даулар бойынша істерді соттар қарайды. Көрсетілгеннің негізінде, Сіздің конституциялық құқығыңыз бұзылған жағдайда сотқа жүгінуге құқығыңыз бар екендігін түсіндіремін. Осы жауаппен келіспеген жағдайда, Сіз нақты ұсынылған жауаптың көшірмесін тіркей отыра жоғары тұрған прокурорға шағымдануға құқылысыз. Арқалық қаласының прокуроры Т. Жүсіпов
  • Сұрақ №: 7272
    Дата: 19.03.2014 11:28:38
    Аты-жөні: Ахметов Ернур
    Сұрақ:
    Сәлеметсізбе. 10.03.2014 жылы Торғай селосы Құлжановтар көшесі бойында сағат 17.30 да өз көлігіммен келе жатқанда МАИ қызметкері тоқтатып құжаттарымды сұрады. мен құжаттарымды үйде ұмытып кетіппін. МАИ қызметкері өз көлігімен менін үйіме барып құжаттарымды алып келдік. Сосын маған хаттама толтырып ҚР әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 470 бабы 1 бөлімі бойынша 9260 теңге айыппұл салып, жүргізуші куәлігімді алып, уақытша куәлік жазып берді. МАИ қызметкерінің бұл әрекеттері заңға сәйкес пе?
    Жауап күні:
    2014-09-04
    Жауап:
    Жангелдин көшесі, 30/2 үй Торғай селосы, Жангелдин ауданы Е.Б.Ахметовке Жангелдин аудандық прокуратурасымен, Сіздің Жангелдин аудандық ішкі істер бөлімінің (әрі қарай - АІІБ) көлік жүргізу құқығын беретін куәлікті уақытша алуының заңдылығы туралы арызыңыз қаралды. Анықталғаны, 10.03.2014 жылы Сіз АІІБ-нің әкімшілік полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Р.Оңғардың қаулысымен Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (әрі қарай - ҚР ӘҚБтК) 470 бабы 1 бөлігі бойынша 9 260 тенге көлемінде айыппұл салу түріндегі жауапкершілікке тартылғансыз. Учаскелік полиция инспекторы Р.Оңғармен 10.04.2014 жылға дейін жарамдылық мерзімімен Сізге уақытша көлік жүргізу құқығын беретін куәлік жазылып беріліп, көлік жүргізу құқығын беретін куәлігіңіз алынған. 08.04.2014 жылы Сізбен 9 260 тенге көлеміндегі салынған әкімшілік айыппұл төленіп, көлік жүргізу құқығын беретін куәлігіңіз қайтарылып берілген. «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы заңнаманы соттардың қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2004 жылғы 26 қарашадағы N 18 Нормативтік қаулысының 25-2 бөлігіне сәйкес жол полициясы органының лауазымды адамы жол қозғалысының қауіпсіздігі және көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы жасау кезінде ӘҚБтК - нің 577, 615 - баптарының, 618 - бабының бірінші бөлігі 5) тармақшасының ережелеріне сәйкес тек әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету шараларын қолдану тәртібімен ғана көлік жүргізу құқығын беретін куәлікті алып қоюға құқылы. Сонымен, АІІБ-нің учаскелік полиция инспекторы Р.Оңғармен Сіздің көлік жүргізу құқығын беретін куәлігіңіз негізссіз алынған, яғни ҚР ӘҚБтК-нің 470 бабы 1 бөлігі бойынша көлік жүргізу құқығын беретін куәлікті алу қажетілігі болмаған. Көрсетілген факт аудандық прокуратурамен АІІБ-де әкімшілік заңнамалардың сақталуы мәселелері бойынша өткізіліп жатқан тексеріс барысында анықталған болатын, бүгінгі күні заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс дайындалуда. Қаралған арыздың нәтижесімен және қабылданған шешіммен келіспесеңіз, Сіз оларды осы жауапты қоса отырып, облыстық прокуратураға шағымдануыңызға құқылысыз. Аудан прокуроры М.Аманжолов
  • Сұрақ №: 7185
    Дата: 14.03.2014 18:49:37
    Аты-жөні: Ахметсабырова Гүлзия
    Сұрақ:
    Мен Ахметсабырова Гүлзия Ануаровна 19.04.2009 жылы Алянс Банктен 190393 теңге кредит алған едім. 11.09.2013 жылы Алтынсарин аудандық сотының шешімі бойынша 56 798 теңге негізгі қарызы, сыйақы 64308 теңге үстемақы 30000 теңге өндіріп алынсын және әр айдын 19 күнінен кеш емес мерзімде ай сайынғы төлемді 9255 теңге төленсін деп шешті. Соған қарамастан менің айлық жалақымды және көп балалығыма үкіметтің арнайы пособиясының есеп шоттарына меннен келісім сұрамастан Алянс Банк арест қойып тастады. Енді бүкіл жалақымды 100% алып қойғандықтан қолыма ешқандай ақша тимей отыр. Осыған орай ай сайын Банкке тиеслі 9255 теңгені ғана ұстап отыруын және Халық Банктегі, ауылдық Қазпочтадағы шоттарымды ашуын сізден шешіп беруіңізді өтінемін... Менің телефон нөмірім 87756825061, үй телефоны:87144534163
    Жауап күні:
    2014-04-07
    Жауап:
    Сіздің 15.03.2014 жылғы банк есепшоттарына тыйым салу жөнінде «Альянс Банк» АҚ ҚФ қызметкерлерінің заңсыз әрекеттеріне шағымданған өтінішіңіз қаралды. Сіздің «Альянс Банк» АҚ-мен (одан әрі-Банк) 190 393 теңге сомаға банктік несие шартын жасасқаныңыз анықталды, Сіз өз міндеттеріңізді орындамағансыз, осыған орай, факторинг шарты негізінде Банк несие шарты бойынша қарыз сомасын талап ету құқығын «Дебиторлармен жұмыс істеу бйынша бюро» ЖШС берді. Қостанай облысының Алтынсарин аудандық сотының 13.11.2013 жылғы шешімімен «Дебиторлармен жұмыс істеу бойынша бюро» ЖШС Сізден 151 106 теңге қарызды және 4 533 теңге мемлекеттік бажды өтеп алу туралы талаптық арызы жартылай қанағаттандырылды. Қостанай облыстық соттың азаматтық және әкімшілік істер бойынша апелляциялық сот алқасының 23.12.2013 жылғы қаулысымен бірінші инстанция сотының шешімі өзгеріссіз қалды. «Дебиторлармен жұмыс істеу бойынша бюро» ЖШС №2-183/2013 атқарушылық парағы мәжбүрлеп орындату үшін жеке сот атқарушысы А.М.Джангабуловқа жіберілді, 29.01.2014 жылы атқарушылық өндіріс шыққаннан кейін, Сізге тиесілі 155 639 теңге талап сомасы шамасында банктік есепшоттарға және ақшалай қаражаттарға тыйым салу туралы қаулы шығарылып, Қостанай қаласының екінші деңгейлі банктеріне жіберілді. Сіздің арызыңыз негізінде сот атқарушысы Сізге тиесілі есепшоттарға тыйым салуды алып тастау жөнінде қаулыны «Халық Банк» АҚ ҚФ және «Қазпошта» АҚ ҚОФ атына жіберді. Бізге берілген мәліметтер бойынша тыйым салуды алып тастау жөніндегі қаулы орындалды: «Халық Банк» АҚ ҚФ тыйым салуды 27.03.2014 жылы, «Қазпошта» АҚ ҚОФ - 02.04.2014 жылы алып тастады. Жоғарыда айтылғандардан негізінде қазіргі уақытта прокурорлық ықпал ету шарасын қолдануға негіз жоқ. Қабылданған шешіммен келіспеген жағдайда, Сіз осы жауаптың көшірмесін қоса беріп, жоғарыда тұрған прокуратураға шағымдануға құқығыңыз бар.
  • Сұрақ №: 5214
    Дата: 01.12.2013 18:56:49
    Аты-жөні: Иманкулов Нурлыбек
    Сұрақ:
    мен Арқалық қаласында 10 жылдан астам мұғалім болып істеймін. сіздерге хат жазып отырған себебім біздің қалада мұғалімдерге қарсы бірнеше заң бұзушылық бар. атап айтар болсам: 1)мұғалімдерді мәжбүрлеп 3-4 газетке жаздырады. мен өзім 10-11 мыңға газет аламын. Алатын жалақым 45 мың теңге. Маған түкке керегі жоқ газеттер. сол газеттің орнына өзіме керекті әдістемелік оқу құралын алсам қайтеді? 2)қалаға лаузымды тұлға келетін болса , соларды күтуге мұғалімдерден ақша жинайды. 3)ДНД деп айына екі үш рет милициямен бірге кезекшілікке шығарады. 4)сыйақы (премиальный)дегенді атымен көрмейміз. 5)ай сайын мұғалімдер жарнасы деп 200 теңгеден тағы жинайды. 6)Сабаққа қажетті құрал жабдықтарды өзіміз сатып аламыз.(бор, ақ парақ кағаз т.б) мектептің кәсіподағына бөлінетін ақша қайда? 7)Мектептің ремонтына ақша жинаймыз. мектеп ремонты мұғалімдер мен ата-аналардың көмегімен жүргізіледі. 8)қаланың жұмысына тағы бізді салады. мысалы: паркты күтіп баптау, көшені ақтап-сырлау т.б сіздер менің хатымды оқып тиісті шара қолданады деп ойлаймын. Бұл менің ғана емес бүкіл қаланың мұғалімдерінің зары
    Жауап күні:
    2013-12-11
    Жауап:
    Сіздің Арқалық қаласының білім бөлімінің қызметкерлерінің құқғын бұзу туралы арызыңыз Қостанай облысының білім басқармасына қарау үшін жолданды. Сол себептен, жауап алу үшін аталған мемлекеттік мекемеге хабарласуыңызды сұраймын.
  • Сұрақ №: 4110
    Дата: 30.09.2013 21:27:08
    Аты-жөні: Қожамбетова Ғазиза
    Сұрақ:
    Құрметті Марат Жолмағамбетұлы! Мен, Қожамбетова Ғазиза Жаңбырбайқызы, Таран ауданына қарасты Елизаветинка селосында орналасқан Набережный орта мектебінің директоры лауазымын 2012 жылдың 15-қарашасынан бастап атқарып келемін. Сол уақыттан бері аудандық білім бөлімі тарапынан ылғи да маған жан-жақты қысым жасалынып келді. Басты мәселе - мені директорлық қызметтен айыру. Үстіміздегі жылдың 24-қыркүйегінде білім бөлімі бастығының м.а. Бейсенбаев Т.Ж. бұйрығы негізінде мені жұмыстан еш негізсіз шығарды да, 25-қыркүйектен бастап орынбасарымды директордың міндетін атқарушы етіп тағайындады. Алайда мен жұмыстан кету туралы еш арыз жазған емеспін және қолымда ешқандай бұйрық та жоқ. Бұл мәселені тереңірек қазбаласа шикіліктер жеткілікті. Себебі білім бөлімі бастығының айтуынша менде 5 айдың ішінде 3 "сөгіс" бар көрінеді. Алайда "ауызша ескерту", "ескерту" жасамай қалайша үш "сөгіс" болуы мүмкін. Азаматтардың еңбегі мен құқығын реттейтін заң нормалары сақталынып отырған жоқ. Осы мәселені реттеп, білім бөлімінің бастығы жасап отырған іс-әрекеттердің заңды-заңсыздығын тексеруіңізді сұраймын.
    Жауап күні:
    2013-11-01
    Жауап:
    Г.Ж. Кужамбетоваға Қостанай облысының прокуратурасы Сіздің Таран ауданы әкімдігі «Набережная орта мектебі» КММ-нің директоры лауазымынан босатумен келіспеу мәселесі бойынша өтінішіңіз қарастырды. Өтінішті қарастыру барысында Сіз «Таран аудандық әкімдігінің білім бөлімі» ММ-нің басшылары м.а. бұйрықтарымен 3 рет (16.05.201ж. №802/а., 21.05.2013ж. №821/а., 18.09.2013ж. №333/а) қызметтік міндеттерді талапқа сай орындамау үшін «ескерту», «сөгіс», «қатаң сөгіс» түрінде тәртіптік жазаларға тартылғаныңыз анықталды. Қазақстан Республикасы Еңбек Кодексінің 54 бабы 1 тармағы 13 тармақшасына сәйкес, қызметкермен еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша егер тәртіптік жазасы бар қызметкер еңбек міндеттерін дәлелді себепсіз қайталап орындамаған немесе қайталап тиісінше орындамаған жағдайда бұзылуы мүмкін. 24.09.2013 жылы «Таран аудандық әкімдігінің білім бөлімі» ММ-нің басшысы м.а. Т.Ж. Бейсембаевтың бұйрығымен Сіз тәртіптік жазаңызбен еңбек міндеттерін дәлелді себепсіз қайталап орындамағаныңыз үшін атқарған лауазымыңыздан босатылдыңыз. Жоғарыда айтылғандардың негізінде, «Таран аудандық әкімдігінің білім бөлімі» ММ-нің басшысы м.а. Т.Ж. Бейсембаевтың тарапынан Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы талаптарын бұзушылықтар анықталмады, сол себептен прокурорлық ықпал ету актісін енгізу негізсіз болып табылады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Еңбек Кодексінің 170 бабы 1 тармағына сәйкес, жеке еңбек дауларын келісім комиссиялары және (немесе) соттар қарайтындығын түсіндіремін. Осыған байланысты, Сіз келісімді комиссия немесе сотқа жұмыстан босату туралы бұйрықты азаматтық сот өндірісі тәртібінде шағымдауға құқығыңыз бар.

Беттер